«Теңізшевройл» ЖШС кадрларды даярлау бойынша қызметтерді жеткізушілердің форумын өткізді

Күні: 11:28, 12-02-2020.

Алматы. 12 ақпан. ҚазТАГ – «Теңізшевройл» ЖШС кадрларды даярлау бойынша қызметтерді жеткізушілердің форумын өткізді, деп хабарлады «Теңізшевройл» ЖШС баспасөз қызметінен.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыда кадрларды даярлау бойынша қызметтерді жеткізушілердің форумы өткен, оған 60-нен астам компания қатысқан. «Теңізшевройл» компаниясының ұйымдастыруымен өткізілген шараның мақсаты - нарықтық мүмкіндіктерді зерттеу және әлеуетті жеткізушілерді іздеу болды.
«Әлеуетті жеткізушілерге ТШО-ның қызметтерге және жұмысқа деген қажеттіліктері туралы білуге мүмкіндік беретін семинарлар мен форумдар біз үшін де, бизнес үшін де тиімді құралға айналды», - деп түсіндірді «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Мұрат Мұқашев.
Оның айтуынша, бұл кәсіпорынның ұйымдастырған алғашқы жеткізушілер форумы емес. Өткен жылы ТШО ақпараттық технологиялар мен нысандарды басқару, логистика және тамақтандыру бойынша қызметтерді жеткізушілер үшін осындай форумдар өткізген болатын. Бұл формат тек нарықтық мүмкіндіктерді зерттеуге және ТШО процестері туралы айтуға ғана емес, сонымен қатар B2B сессияларын тікелей жеткізушілермен өткізуге мүмкіндік береді.
Форумға сонымен қатар Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және KAZENERGY қауымдастығының өкілдері қатысқан.
Іс-шара барысында «Теңізшевройл» ЖШС мамандары жеткізушілерді іріктеу және алдын-ала іріктеу процесі, компанияның қажеттіліктері және оқыту қызметіне деген талаптары туралы егжей-тегжейлі айтып өтті.
ТШО-ның адам ресурстары басқармасының өкілдері атап өткендей, қызметкерлерді үнемі оқыту және дамыту, нәтижесінде компания қызметкерлерінің құрамындағы қазақстандықтардың үлесі арта түскен стратегияның бір бөлігі болып табылады. Қазіргі таңда «Теңізшевройл» ЖШС-нің қызметкерлер құрамының 89%-ы қазақстандықтардан тұрады. 1993 жылы бұл көрсеткіш 50%-ды құраған еді. Ал басшылар құрамындағы қазақстандықтардың үлесі 72%-ға дейін өсті.
Еске сала кетейік, «Теңізшевройл» ЖШС – шикі мұнай, сұйық және құрғақ газ, сонымен бірге күкірт өндірумен және өткізумен айналысатын қазақстандық компания. Жұмыстардың барлығы қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғау бойынша халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. «Теңізшевройл» ЖШС 1993 жылы Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясы арасындағы келісім негізінде құрылды. «Теңізшевройл» ЖШС-нің қазіргі кездегі серіктестері: «Шеврон» корпорациясы – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ – 20%, «ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.» – 25% және «ЛукАрко» – 5%.
Келешек кеңею жобасы (ККЖ) мен Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ҰЕҚБЖ) – «Теңізшевройл» ЖШС бір мезгілде жүзеге асыратын біріктірілген екі жоба. ККЖ-ҰЕҚБЖ Теңіз кен орнындағы мұнай өндіру көлемін жылына шамамен 12 млн тоннаға немесе тәулігіне 260 мың баррельге арттыруға мүмкіндік береді және осының нәтижесінде өндіріс көлемі жылына шамамен 39 млн тоннаны немесе тәулігіне 850 мың баррельді құрайды. ККЖ өндіріс қуаттылығын арттыруға бағытталса, ҰЕҚБЖ ұңғыма ернеуіндегі қысымды азайту және қолданыстағы алты кешенді технологиялық желідегі қысымды арттыру арқылы Теңіздегі ағымдағы зауыттардың толыққанды жұмысын қамтамасыз етеді.


Жаңалықтармен бөлісу: