Коронавирус Германиядан келген екі Қазақстан азаматынан табылды – Біртанов

Астана. 13 наурыз. ҚазТАГ – Махамбет Абжан/Владимир Радионов. Коронавирус Германиядан келген екі Қазақстан азаматынан табылды, деп мәлімдеді ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
«Біз үш ай бойына бұл инфекцияны Қазақстанға жібермеу үшін күрес жүргіздік. Германиядан келген Қазақстанның екі азаматынан аталмыш инфекция расталды. Олар стационарға орналастырылды (Алматыда – ҚазТАГ). Клиникалық белгілері жоқ, жағдайлары жақсы. Кереуеттер дайындалды, медициналық дәрі-дәрмектер бар, қызметкерлер тексеруден өтті», - деді Біртанов жұма күні.
Ол атап өткендей, Қазақстанда коронавирустың таралуымен күресуге арналған «Б» жоспары бекітіліп, ол күшіне енді.
«Олармен байланыста болғандарды іздестіру және оқшаулау жұмыстары жүргізілуде», - деді Біртанов.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 127 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 4,6 мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты. Ал «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастық халықаралық орталығы наурыз айының ортасына дейін жабылды.
11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Гебрейесус коронавирусты пандемия сияқты сипаттауға болады деп мәлімдеді.
13 наурыздан бастап бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынды (мерекелік, спорттық, көрермендері бар бұқаралық мәдени шаралар, конференция, семинарлар, көрмелер және т.б.), сонымен қатар сауда-ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылды, мектеп оқушылары көктемгі демалысқа 16 наурыздан 5 сәуір аралығында шығатын болды, сонымен қатар 16 наурыздан бастап студенттер онлайн-режимде оқытылатын болады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің коронавирус салдарынан арнайы алдын алу шараларын жүзеге асыруға кіріскенін мәлімдеді. Ол шектеулер кезінде азаматтарды азық-түлікпен үздіксіз қамтуды тапсырды. Ал Үкімет Қазақстанның өзін әлеуметтік маңызды азық-түлікпен жарты жылға жететіндей етіп қамтамасыз ете алатынын жеткізді.
Бұған қарамастан, қазақстандықтар супермаркеттерден керектерін жаппай сатып алып жатқан көрінеді. 12 наурыз күні кешкісін сауда және интеграция министрлігі қазақстандықтарды дүрлікпеуге шақырды.

adimage