Қазақстанда табиғи қазба байлықтары кен орындарының сарқылуы байқалуда

Астана. 18 ақпан. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Қазақстанда табиғи қазба байлықтарының кен орындарының сарқылуы байқалуда, деп мәлімдеді Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
«Негізі елімізде 8 мыңға жуық кен орны тіркелген. Оның ішінде 317 көмірсутек, яғни мұнай, газ, конденсат кен орындары бар. Мұнан бөлек, 910 қатты пайдалы қазбалар кен орны болса, 3 мыңнан астамы кең таралған пайдалы қазбаларға тиесілі. Сонымен қатар 4 мыңға жуығы жерасты сулары кен орны бар. Тау-кен кәсіпорындарының шикізат базасының тұрақсыздығы, пайдалы қазба қорларының азаюы және «байырғы» кен орындарында өндіру көлемінің төмен деңгейге түсуі белгілі. Геологтар «жария емес» қағиданы ұстанады: «бір тонна өндірсең- екеуін толтыр». Бүгінгі таңда қатты пайдалы қазбаларды толтыру коэффициенті 0,13 құрайды, ал көмірсутекті шикізат бойынша - 0,9 (Қашаған кен орнын есепке алмағанда)», - деді Мырзағалиев сейсенбідегі үкімет отырысында.
Сонымен, оның ақпарынша, Қызылорда облысында жыл сайын мұнай өндірудің көлемі 1 млн тоннаға дейін төмендеуде. Осы мәселе таяу арада Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында да болжануда. Соңғы он жылдықта Шығыс Қазақстандағы моноқалаларға жақын орналасқан – Шемонаиха, Юбилейно-Снегирихинское, Зыряновское ірі қорғасын-мырыш кен орындарының қоры түгелдей таусылып, жабылды. 2025-2040 жылдарға таман Орловское, Малеевское, Тишинское, Риддер-Сокольное сияқты кен орындарында да пайдалы қазба қорларының толықтай сарқылуы күтілуде.
«Осыған байланысты қазірдің өзінде геологиялық барлауды жандандыру керек, себебі жаңа кен орнын ашу мен іске қосу арасында кем дегенде 10-15 жыл кетеді», - деді Мырзағалиев.
Бұған дейін хабарлағандай, 2021-2025 жылдарға Қазақстанның геологиялық барлауына Т800 млрд инвестиция салу жоспарлануда.

adimage