Қазақстанда сөз бостандығы мен билік транзиті жоқ - Матаев

Алматы. 30 қаңтар. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Қазақстанда сөз бостандығы мен билік транзиті жоқ, деп санайды Қазақстан Журналистер одағы (ҚЖО) басқармасының төрағасы Сейтқазы Матаев.
«Мен Қазақстандағы сөз бостандығы тек Конституцияда ғана бар деп есептеймін. Нақты бір журналистке қысым көрсетіліп жатқанда, бүтіндей бір басылым жабылып жатқанда, билік сөз бостандығын әкімшілік тәсілдермен реттеуге тырысып жатқанда (соңғы кезде бұл блогерлерге де қатысты), Қазақстанда сөз бостандығы жоқ деп нақты айту керек», - деді Матаев бейсенбіде «Өтпелі кезеңдегі сөз бостандығы мен БАҚ рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында.
Билік транзитіне келер болсақ, ҚЖО басшысы оның «сәнге айналған сөз» екенін айтты.
«Бір адам (тегін атпай-ақ қояйық) кеткенде ғана шынымен транзит болады. Қазір ҚР-дағы жаңа билік «ақсақ үйрек» секілді, мынадай жалпы қабылданған түсінік бар – президент екінші мерзімге кетеді, бірақ ол бұл қызметке екінші қайтара сайланбайтынын біледі. Жаңа мемлекет басшысы байлаулы: иә, ол шешім қабылдайды, бірақ әркез оны жалтақтап қабылдайды, десек те ол осындай жолды өзі таңдады», - деп санайды Қазақстан журналистер одағының басшысы.
Ол биліктегі нағыз транзит саясатқа басқа адамдардың келуімен ерекшеленуі керек деп санайды.
«Мен Қазақстанда мансап иеленгісі келетіндер барын білемін, олар көп, бізде кландық тәсіл ғой. Біз оған да жетеміз (билік транзиті - ҚазАГ) деп ойлаймын», - деді Матаев.
Еске салсақ, 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанда президент сайлауы өтті, сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Оған үш ай бұрын 19 наурызда мемлекет басшысы өкілеттігін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын. Көптеген тәуелсіз бақылаушылар мен қоғамның басым бөлігі сайлаудың көптеген бұзушылықтармен өткенін атап өтті.

adimage