Алматы ПД Алматыдағы блокбекетте адам өлімі болған ЖКО-ға экс-полицей кінәлі болуы мүмкін деді

Алматы. 26 мамыр. ҚазТАГ – Алматы полиция департаменті (ПД) бұрынғы полицей Азат Азаматовты блокбекеттегі адам өлімі болған ЖКО-ға кінәлі болуы мүмкін деп тапты, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«BMW көлігін жүргізген 1994 жылы туған азамат А. бұрын құқыққорғау органдарында қызметте болған. Алайда өз міндетіне немқұрайлы қарағаны үшін қызметінен қуылған», - деп хабарлады сейсенбі күні қаладағы ПД баспасөз қызметінен.
Баспасөз қызметі департамент бастығы Қанат Таймерденовтың сөзін келтіреді.
«Блокбекетте орын алған қайғылы жағдай екі полиция қызметкерінің өмірін алып кетті. Олар ішкі істер органында өз қызметтерін жоғары дәрежеде атқарып жүргендер еді. Одан да сорақысы ЖКО жасаған жүргізушінің бұрын погон таққан адам болып шыққаны. Полицияда алты жыл жұмыс жасап, қызметтік міндеттерін немқұрайлы атқарғаны үшін төрт рет тәртіптік жаза алған. Соның салдарынан ішкі істер органынан жұмыстан шығарылған. Бірақ осыдан кейін де ол сабақ алмаған. Заңды бұза тұра және оның салдарының ауыр болатынын біле тұра, ол мас күйде рөлге отырып, қылмыс жасап отыр», - деді Тәймерденов.
Еске салсақ, бұған дейін екі полиция қызметкері қайтыс болған, үшіншісі ауыр жарақат алған Алматыдағы блокбекеттердің бірінде болған жол апатына құқыққорғау органдарында бұрын қызметте болған Азат Азаматов кінәлі болуы мүмкін деген нұсқа пайда болған еді. Полиция автомобиліне соққан BMW көлігінің рөлінде мас күйде сол адамның отырғаны хабарланған еді. Дегенмен Алматы ПД аталмыш нұсқаны растамады. Кейін адам өліміне әкеліп соққан ЖКО-ға кінәлі болуы мүмкін күдіктінің полиция формасындағы суреті де жарыққа шықты, алайда Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек «бұл форманы «Военторгте» сатып алып, екінің бірі кие алады», деп мәлімдеді. Алайда кейін Азаматовтың полицияда жұмыс жасағандағы туралы жаңа деректер пайда болды.

adimage