Алматы. 7 сәуір. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Ғарышкерлер күні қарсаңында Қостанайда соғыс ардагері, Ленин сыйлығының лауреаты Михаил Журавлевтың «Жұлдыздар үнін естуге болады...» атты «құпия кітабы» жарыққа шықты. Деректі зерттеу барысында Журавлевтың Сергей Королев пен жұмыс істеген және Юрий Гагаринмен дос болған дарынды инженер ғана емес, сонымен қатар ақын болғаны анықталды. Кітаптың жарыққа шығу туралы тарихымен журналист Стас Киселев бөлісті.
- Стас, неге Журавлев, неге ғарыш және Қостанай?
- Себебі Журавлев – өздігінен өте маңызды және қызықты тұлға. Бұл адам туралы көп нәрсе беймәлім, алайда оның майдангер, инженер және ғалым ретінде Отан алдыңдағы еңбегі зор. Ол ең басты ордендермен марапатталған. Атап айтқанда Ұлы Отан соғысы ордені, Қызыл Ту ордені, Ленин сыйлығының лауреаты, инженер-құрастырушы, зымыраншы, ғалым, Байқоңыр ғарыш айлағындағы Каролев академиясының негізін қалаушы, Юрий Гагариннің досы. Оның тағдыры ауыр және өте қызықты. Өмір бойы оны ешкім білмеді: 1961 жылы Гагарин ғарышқа ұшқаннан (бұл айтулы оқиғаға оның тікелей қатысы болған) кейін Ленин сыйлығы берілген кезде Журавлевтың аты «Правда» газетіне басылып шықпады. Себебі ол құпия азамат болатын. 1960 жылдың соңына қарай ол Мәскеуден Қостанайға қайтып келді, онда соңғы 10 жыл өмірін өткізді. 1979 жылы қайтыс болады және Орталық аллеядағы қалалық зиратқа жерленеді. Өз уақытында оның еңбегі жоғары бағаланды, алайда бүгінде оның ұмытылуы әділетсіздік.
- Дәл қазір қалай ғана еске алдыңыз?
- Барлығы кездейсоқтықтан басталады – идея үлкен іске айналды. Бір жыл бұрын жұмыс бабымен Журавлевтың қарындасы – Валентина Федоровнамен кездестім. Ол ағасы Михаил Журавлевтан қалған құжат мұрағатын көрсетті. Мұрағаттың ішінен Михаил Федоровичтің қолымен жазған жазбалары бар бірнеше қойын дәптерін тауып алдым. Олар өлеңдермен толтырылған. Оларды оқи бастағанымда денем түршігіп кетті. Мен алдымда бұған дейін ешкім танып білмеген лирика бар екенін түсіндім. Бұл өлеңдер осыдан 40-50 жыл бұрын, Журавлевтың соңғы он жыл өмірінде жазылған.
Ол бұл өлеңдерді жарыққа шығарамын деп жазбаған. Ол ішкі жан дүниесіндегі жасырын сезімді жай ғана қағаз бетіне түсірген. Бұл өлеңдердің тарихы мен жарқын образдары бар. Бұл өз кезегінде оқырман қауымның назарын аударады. Шын мәнінде дәл қазір біз әдебиеттегі жаңа ақынды ашып отырмыз.
- Кітапта тек оның өлеңдері емес қой?
- Кітап 180 беттен тұрады. Оның жартысын деректі бөлім құрайды: тарихи құндылығы бар фактілер, бұған дейін жарыққа шықпаған әскери және соғыстан кейінгі суреттер Журавлевтың альбомынан алынды. Кітапты дайындау барысында көптеген жаңалықты аштық және бұл шындық.
Мысалы, іздестіру барысында Журавлевтың кешіккен махаббатын тауып алдық. Мен музейде құжаттарды ақтарып отырып Одесса облысының Измаил қаласында тұратын келіншектің принтерде басылып шығарылған хатын тауып алдым. Онда ол өзінің Михаил Журавлевпен жақын болғанын жазған. Оларда үлкен махаббат болған. Алайда болмашыға бола ренжісіп қалып, айырылысып кеткен. Бұл Журавлев үшін үлкен соққы болған, ал келіншек болса өзін осымен 40 жыл кінәлеп келеді!..
Мен Журавлевтың лирикасында «Мадам» (сондықтан да оған арналған өлеңдер бөлімін «О, Мадам!..» деген атпен бөліп көрсеттік) деп атап көрсетілген келіншекті іздестіре бастадым. Оны табу өте қиын болды. Бұл жолы журналистика, зерттеу жүргізу қабілетім көмекке келді. Бірнеше телефон анықтамаларын зерттей келе осы келіншектің телефонын тауып алдым. Менің есептеуімше ол 82 жаста және Google-дегі соңғы ізі 2017 жылмен белгіленгендіктен бұл арудың бақилық болуымен іштей көндіккен едім. Алайда телефон шалғанымда тұтқаны Раиса Петровнаның өзі көтерді. Ол ғашығы туралы , оның махаббаты туралы, тіпті оның кітабы шыққалы жатқанына таңғалды. Оның үстіне бұл Қазақстанда жарыққа шықпақшы. Біздің арамыздағы әңгіме кітапты баспаға жібермес бұрын екі-үш күн бұрын болды, сондықтан Раиса Петровна ақынның белгісіз өлеңдері мен суреттерін жіберді. Тіпті қысқаша мемуар да жазып берді. Оның өзі біздің әріптесіміз, Украина ұлттық журналистер одағының мүшесі. Осылайша кітаптың да өзіндік ерекше тарихы қалыптасты.
- Не себепті ақынның 40-50 жылдың ішінде өлеңдері бірде-бір рет жарыққа шықпады, ешкім оларды білмеді?
- Бұл жариялауға арналмаған, жеке өлеңдер болды. Алайда Михаил Федоровичтың өзін ешкім білмеді деп айтуға болмайды, ол белсенді түрде дәрістер оқитын, «Білім» бүкілодақ қоғамының мүшесі болған және дәрістерімен елді аралап жүрген. Оны бұрынғы КСРО-ның барлық астаналарына шақыратын болған. Ол тіпті Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атанған.
Өз уақытында Журавлевтың жұмысы ғарыш аппараттарының уақытылы ұшып, қонуын қамтамасыз еткен. Ленин сыйлығы оған ғарыш аппараты мен балистикалық зымыранның ұшу траекториясы мен қону координатын тура анықтауға мүмкіндік беретін автоматты өлшеуіш кешенін жасап шығарғаны үшін берілген. Яғни, Журавлевсыз зымыран ұшырылғаннан кейін қай жаққа қарай ұшатынын, қайда қонатынын анықтау оңайға соқпас еді. Өзінің жаңалығын соғыс бойы артиллерист болғаннан кейін аша алды және кейіннен әскери инженер-зымыраншы білімін алды...
Журавлевтың тағдыры шытырманға толы, ол майданға өзіне 4 жас қосып жазып 16 жасында қашып кетеді. Бұл туралы оның қарындасы әдемілеп айтып берді. Миша әскерге кеткенда ол екі жаста болған. Бір күні анасы үйге жан ұшырып жүгіріп келеді, қасқырша ұлып, жылайды. Бұған дейін кішкентай Валя анасының осылай жылағанын көрген емес. Қорқып кеткен ол суға толы кірленге құлап кетеді де жылай бастайды. Алайда анасы оған емес, терезеге қарай ұмтылады. Ал әлі 17- де толмаған Миша жүк көлігінің үстінен анасына қол бұлғап кетіп бара жатады.
Қарындасының екінші естелігі : 1945 жыл әскери киімі өзіне құйып қойғандай, өте сымбатты жауынгер есікті айқара ашып үйге кіріп келеді. Валентина біразға дейін қорқып, ағасына бармай тұрады. Бір кезде оған ағасы қалтасынан үлкен қызыл алманы сыйға береді. Мұндай алмалар қостанайлық ауылда өспейтін, тек қышқыл алмалар болатын. Сол кездегі алманың иісі Валентинаның есінен әлі кетпепті. Айтпақшы кітапта Михаил мен кішкентай Валяның әскерден келгеннен кейін түскен суреті бар. Ол әскерден келген ағасын құшақтап түскен.
- Егде жастағылар үшін бұл өте қызықты. Жастар үшін ше?
- Коронавирус, осы мәселеде көмекке келді. Біріншіден, кітаптың өзі жоғары талаптарға сай жасалған – бұл нағыз сыйлыққа берілетін басылым. Әрине, кітаптың тұсау кесерін өткізген жөн, алайда мемлекет карантинге жабылып отыр. Осы ретте біз фейсбуктағы «Менің есімде. Өз тарихымыз» атты топта флешмоб өткізуді жөн көрдік. Флешмобтың шарты өте жеңіл, әркім өз парақшасында біздің хэштегпен Журавлевтың өлеңінің бірін жарыққа шығару керек. Өз кезегінде біз оған кітаптың электронды нұсқасын тегін береміз.
Бізде нағыз төңкеріс болды. Бүгінде Журавлевтың өлеңін оқымайтын адам жоқ десе болады. Оған Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Новосібір, Екатеринбургтан адамдар қатысты. Израильден жасы 20-дан енді асқан жас жігіт бұл лириканы өте әдемі оқып берді, Польшадан тағы бір қатысушы пайда болды. Бүгінде біздің автордың өлеңдері шет тілге аударылуда. Біз жобамыздың тарту еткен тосын сыйына таңғалып отырмыз.
Флешмобқа Қостанай облысы мәдениет басқармасы басшысының қатысуы күтпеген жағдай болды. Ол Журавлевтың өлеңдерін алғаннан кейін кәсіби телевизиялық студияға барып бейнебаян түсірген. Содан кейін Орыс драма театрының әртістері өлеңдердің бейнециклін жазды, кейін оны сахнада ойнап шықты. Мені таңғалдырғаны бұл бастамаға әлемге әйгілі режиссер Николай Коляданың үн қосуы, ол Коляда-театрының негізін қалаушы. Оның театры Екатеринбургте, Мәскеуде бар. Оның пьесалары бүкіл әлемде қойылады. Ол Журавлевтың жерлесі және осы кітап оған қатты әсер еткен.
Кезінде ақындар жалғыздақтан, депрессиядан жалығып өлең жазған, бүгінде олар бізді карантин кезінде құтқарып келеді ...
- Жақсы пікірлер беріліп отырған жағдайда кітаптың пьеса, экранға шығару іспетті жалғасы бола ма?
- Біреудің поэзияны экранға шығару идеясымен шабыттанғаны керек. Маған бұған дейін бұл ой келген. Алайда болашақ еншісіне қалдырған жөн. Мен осы кітаптың жарыққа шуғуы жаңа материалдар табуға көмектесетін, жаңадан түзетіліп екінші нұсқасын шығаруға септігін тигізеді деген үміттемін. Күні кеше ғана керемет артефакт таптық. Мен оны іздедім, алайда жоғалып кетті деп ойлап едім. Бұл Юрий Гагариннің Журавлевке арнап өз қолымен жазылған жазбасы бар фото.
Мен бұл суреттер жойылып кетті деп ойладым, себебі бұл суреттер мектептердегі Ғарышкерлер мүзейінің бірінде сақталып келген. Ал 1990 жылдардың басында «кеңес режимінің» барлық мұрасы қоқысқа кетті. Оның ішінде музейлер мен мұрағаттар да бар. Ал осы мектептердегі әр сынып бір ғарышкермен хат алмасатын, ғарышкерлер балаларға өз қолдарымен жауап жазатын. Журавлев қайтыс болғаннан кейін оның туғандары музейге түрлі құжаттармен бірге дәл осы суретті тапсырған. Бұл суретті қоқысқа тастап жібермекші болған. Суретті музейдің меңгерушісі Шамиль Фахрутдинов сақтап қалған. Ол жол жүріп кеткенде барлық құжаттар мен суреттер шашылып қалған кейін ол мүмкіндігінше барлығын жинап алып, сақтап қойған.
- Бұл кітапты тегін таратасыз ба, әлде сатылымға шығарасыз ба?
- 12 сәуір, Ғарышкерлер күні кітап жарыққа шығады. Дәл қазіргі карантин жағдайында тарату мәселесінде қиындықтар туып отыр. Барлық тираж сатылымға кетпейді: бір бөлігін демеуші «Олжа Агро» холдингі алады, тағы бір бөлігі сыйға таратылады. Тираж үлкен демеймін, бар болғаны 500 дана, алайда бүгінгі жағдайда бұл жаман емес. Қостанайда кітап шығарушы бизнес бұған дейін осындай салмақты жобамен айналысқан емес. Әлемге нағыз жазушыны танытатын, ауқымды құжат базасы бар кітап бұған дейін басылып шықпаған. Ал қазір полиграфиялық мүмкіндіктер кітапты шығармашылық, тарихи және рхани құндылықтармен үлестіре отырып шығаруға септігін тигізді.
- Болашақта осындай жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырсыз ба?
- Журналистикада көптеген жыл еңбек етіп жүрсем де, тек қазір осындай жобалармен айналысқым келетінін түсініп отырмын. Мен үшін бұл өте қызықты. Қалғанын өмір көрсетеді.
- Табысты болыңыз және сұхбатыңызға рахмет!
Қатысты сілтемелер
-
Қазақстандағы АҚШ елшісі: Мен революция елшісі емеспін
10 Ақпан 2021, 14:41 -
АҚШ елшісі: Біз адам саудасына қарсы күресте Қазақстанды қолдаймыз
30 Шiлде 2020, 08:42