Чжан Сяо: АҚШ-тың Қытайға қарсы санкциялары біздің Қазақстанмен серіктестігімізге әсер етпейді

Алматы. 3 маусым. ҚазТАГ – Кемар Машанло. Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы соңғы кездері белсенді дамып келеді. Сарапшылар атап өткендей, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен «Нұрлы жол» қазақстандық мемлекеттік бағдарламасының түйісуінен экономикалық тиімділік арта түсті. Көршілес екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа әлемдегі геосаяси жағдайда әсер етіп отыр. Осы ретте Қазақстандағы Қытайдың төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо пікірімен бөлісті.

- Елші мырза, өткен соңғы бес жылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытайдың «Белдеулер мен жолдар» бастамасы аясындағы серіктестігінің қай тұсына баса назар аудардыңыз?

- Қазақстанды индустриалды дамыту бағдарламасы бойынша жоспарлы түрде жалпы сомасы 27 млрд доллар болатын 55 жобаны жүзеге асыру өте маңызды деп есептеймін. Оның ішінде тек өткен жылдың қортындысы бойынша тоғыз жоба жүзеге асырылды, ағымдағы жылы тағы сегізге жуық жоба іске қосылады. Осыдан келе мен алдағы 4-5 жылда бағдарламада атап көрсетілген жобалардың барлығы жүзеге асатынына сенімдімін.
Қазақстандық экономика үшін тағы бір маңыздысы - транзит. Қытай-Еуропа-Қытай дәлізінің басым бөлігі Қазақстан аумағында орналасқандықтан бүгіннің өзінде жүк тасымалының пайдасы 2-3 млрд долларды құрап отыр. Біз білетіндей, Ляньюньган портындағы қытайлық-қазақстандық логистикалық ынтымақтастық сіздердің елдеріңізге теңізге шығуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде экспорт көлемін едәуір арттырды, атап айтқанда Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспорт көлемі артты.

- Қазақстандық-қытайлық ынтымақтастық туралы сөз қозғағанда екі ел азаматтарынан виза рәсімдеу саласындағы проблемалар туралы айтылып жатады. Бұл мәселе қалай шешілуде?

- Қазақстандық-қытайлық қарым-қатынас жақсы дамып келеді, алайда ол өзінің мүмкіндіктерін толық игеріп бітпеді. Осындай мәселелердің бірі виза.
Қазақстанға елші ретінде тағайындалғаннан кейін елдеріңіздегі іскерлік климатты зерттей бастадым және де отандастарымның қазақстандық виза алу әлем бойынша ең қиын виза алу деген эмоцияға толы реніштерін таңғала отырып тыңдадым.
Ал, Нұр-Сұлтанға келгеннен кейін жергілікті тұрғындардың қытайлық визаны алуға қатысты қиындықтарына байланысты шағымдарын тыңдадым. Рас, консулдық қызметтің терезесіне деген ұзын сонар кезек осының дәлелі болып отыр.
Мәселенің мән жайын анықтауға тырысқанда бұл оңай шешілетін шаруа емес екендігін түсіндім, бұл өте қиын мәселе, ол екі тарап арасында көптеген жылдар бойы талқыланып келеді, алайда жылдар өтуде ал мәселе әлі де шешілмеді.
Мойындау керек, мәселе бір орыннан жылжымай тұр. Екі елдің бір-біріне баруға ыңғайлы жағдайдың жасалмағаны рухани тұрғыда жақындасуға, бір-біріне сеніммен қарауға, көрші ел туралы толыққанды ақпарат алуға, оның ішінде өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік бермей отыр.
Екіжақты келіссөздер барысында виза мәселесі өз шешімін таппайынша өзара жоғары дәрежедегі қарым-қатынас дамиды деп ойламаймын.

- Бүгінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан көптеген ірі жобалар Қытайдың экономикасымен тығыз байланысты. АҚШ-тың «Белдеулер мен жолдар» бастамасына қарсылық танытуы екі елдің қарым-қатынасына сызат түсіруі мүмкін бе?

- Сенімдімін, АҚШ-тың ҚХР-ға санкциялық қысым көрсетуі Қазақстанмен қарым-қатынасымызды тоқтата алмайды. Әрине, бізге қарсы шараларды қолдану халық шаруашылығына кесірін тигізіп, уақытша қиындықтар алып келуі мүмкін. Алайда қытай экономикасының бүгінгі таңдағы қоры жеткілікті және ол қиындықтарды ешқандай салдарсыз еңсере аламыз. Осыдан 15 жыл бұрын Қытай экономикасының өсімі – 70-75% экспортқа тәуелді болды. Бүгінде жағдай толық өзгерген. Өткен жылы ел экономикасының өсімі 76% ішкі сұраныс есебінен қамтамасыз етілді. Осы ретте, экспорттық түсімдер үлесі 17% жуық шамада болды.
Отандық экономистердің есептеуі бойынша, АҚШ-пен сауда соғысының нәтижесінде еліміздің экономикалық өсімі шамамен 1% төмендейді. ҚХР ЖІӨ өсімі 2019 жылдың қорытындысы бойынша 6-6,5% болады деп жоспарланған, залалы тиюі мүмкін санкцияларды есепке алатын болсақ онда ол 5-5,5% құрауы мүмкін. Қорытынды шығаратын болсақ, экономикамызға соншалықты орасан зор зиян тимейді, демек біз өзіміздің серіктестерімізбен, оның ішінде Қазақстанмен де бірлескен инвестициялық жобаларымызды жүзеге асыруды жалғастырамыз. АҚШ-пен сауда соғысы еш кесірін тигізбейді.

- Huawei өнімін тұтынатын қазақстандық тұтынушылар Google-дың бұл компаниямен серіктестігін ішінара тоқтататыны туралы ақпаратты жақсы қабылдамады. Осы жағдайға қатысты түсініктеме беріп кетсеңіз.

- Мен тек Huawei компаниясының өкілдері жасаған мәлімдемеге қосыла аламын, атап айтқанда, смартфондар мен планшеттерді, жалпы электроникалық техниканы қолданғанда алаңдаудың қажеті жоқ, бұл жағдайлар алдын ала ескерілген. Өзімнен қосарым, осыдан 15 жыл бұрын қытайлық өндірушілер «В жоспарына» сәйкес егер күндердің бір күнінде Huawei АҚШ-тан микросхемаларды сатып ала алмайтын жағдай туып қалса деп, жеке микросхемаларды өндіруді бастап кеткен болатын.
Жоғары санаттағы қытайлық смартфондар да олар бүгіннің өзінде қолданылуда. Android жүйесіне келетін болсақ, Huawei компаниясының бұл жолы да алдын ала жасаған жоспары бар, ол өзінің операциялық жүйесін жасақтады.
Батыстың Huawei аясында көтерген шуына келетін болсақ, бұл Америка Құрама штаттарының ҚХР-ға қарсы сауда соғысының бір бөлігі деп есептеймін. Бұл әрекеттер Вашингтонның ұстанымын көрсетіп отыр, олар Қытайдың бәсекелестігінен қорқуда – әлемдегі екінші экономика, тіпті болашақта АҚШ қуып жетіп, одан озып кетуіне толық негіз бар. Сондықтанда Америка ҚХР-ның әлем экономикасына әсер етуін төмендетпекші.
Алайда Трамп (Дональд, АҚШ президенті – ҚазТАГ) ҚХР-дан әкелінетін тауарларға баж салығы көтеретін болса, Қытаймен ешқандай сауда болмайтынын түсінуі керек. Бұл дегеніңіз АҚШ әлемдегі ең ірі нарықты жоғалтып, шығынға батады деген сөз. Менің ойымша Вашингтон қарапайым шындықты түсіне алмай жатқан сияқты, «кім нарықты жоғалтады, сол болашағын жоғалтады».

- Бүгінде сарапшылар көптеген болжамдар жасауда. Мәселен, Бейжің сауда соғысы аясында АҚШ-тан келетін импорт көлемін азайтып, қазақстандық экспорттаушылар осы жағдайды ауыл шаруашылығы саласы бойынша оңтайлы пайдаланып қалуы мүмкін дейді. Осыған қатысты ойыңызбен бөліссеңіз.

- Қазақстанның экспорттық әлеуетін Қытай мен АҚШ-тың арасындағы сауда қарым-қатынасының дамуына қарамастан өз бетінше жүзеге асыруға болатынына сенімдімін.
Бұған екі елдің геосаяси орналасуы, ортақ шекарасы, ыңғайлы инфрақұрылым септігін тигізіп отыр. Осының барлығы сауданың дамуына жағдай жасауда, атап айтқанда қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімін ҚХР-ға экспорттау жақсы дамып келеді.
Атап өтетін болсам, бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде жылдам және нәтижелі жүргізілуде. Тек соңғы бес айдың ішінде Қытайдың азық-түлік нарығына Қазақстаннан әкелінетін 20 түрлі ауыл шаруашылығы өніміне рұқсат берілді. Бұл тізімде ас бұршақтан басқа, бидай, ұн, өсімдік майы, бал, жылқы мен сиыр еті және т. б. азық-түлік өнімдері бар.
Жалпы, бізде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімі экологиялық тұрғыда таза деп есептелінеді, сондықтан да үлкен сұранысқа ие және ауқымды тұрғыда Қытай нарығына шығуы үшін барлық мүмкіндігі бар.

- Сұхбатыңызға рахмет!

adimage