Акиф Сүлейманов: Конституцияны халық қабылдады, бірақ ол халықтың қатысуынсыз өзгертілуде

Алматы. 11 сәуір. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Тиімсіз заңдарды қабылдағаны, я болмаса заңдарды тиімсіз пайдаланғаны үшін коституциялық жауапкершілік енгізілуі тиіс, ал адамның кепілдендірілген конституциялық құқығын жүзеге асыру үшін арнайы механизм қарастырған жөн. Осы ретте саяси процестерді жаңғырту жақын арада жүргізілуі мүмкін. ҚазТАГ ХАА сұрақтарына жауап берген заң ғылымдарының докторы Акиф Сүлейменовтың пайымы осындай.

- Акиф Фирудинович, не себепті Конституцияны оқысақ адам құқығы бойынша бізде бәрі жақсы, ал айналамызға қарасақ көрініс мүлдем басқаша?

- Рас, Конституция мен Қазақстандағы заңдардың басым бөлігі демократиялық сипатта болып келеді, басты мәселе бұл қаншалықты жүзеге асырылуда. Тікелей әсер ете алатындай заң бола тұра Конституция бізді басқа жаққа қарай сілтеп жібереді және тікелей әсер етпейді. Ол бағыттаған жерді тапқанда біздің алдымыздан түсініксіз талаптар шығады, ол талаптармен танысқаннан кейін өзіңе өзіңнің құқығың туралы да айтқың келмей қалады. Себебі Конституция бізді сілтеп жіберетін заңдар мен заң актілерінде құқығымызды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін механизмдерге толы.

- Мысалы?

- Мысалы, бейбіт және қарусыз жиналып митинг, шеру, пикеттер өткізу туралы конституциялық құқығымыз. Жергілікті атқарушы органдарға митинг өткізу туралы жіберілген көптеген өтініш қанағаттандырылмаған. Бас тарту үшін қашанда сылтаулар табылады – басқа шара өтеді және т.б.
Сайлау немесе сайлану құқығы. Соңғы жылдары сайлау заңнамасына және Конституцияға енгізілген өзгерістер бірінші кезекте бізге осы елдің азаматы ретінде саяси құқығымызды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. «Мен қайда сайлануым мүмкін?» деген сұрақты өзімізге қойғанда түрлі қиындықтар пайда болады.
Конституция мен сайлау туралы конституциялық заңға енгізілген соңғы өзгерістер президенттік сайлауға өз кандидатураңызды ұсынуыңыз үшін соңғы 15 жылда елімізде тұруыңызды немесе лауазымды мемлекеттік қызметте болуыңызды талап етеді. Осы ретте, айтыңызшы мемлекетте азаматтар бес жылдан жұмыс істеуге болатын қанша лауазымды немесе мемлекеттік қызмет болуы керек?
Алайда мәселе бұл туралы емес. Әділет министрлігінің кейбір заңдар мен заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы ұсынысына сәйкес (сайлау туралы заңға да) үміткерлерді енді республикалық қоғамдық бірлестіктер (бірінші кезекте саяси партиялар) ұсынуы керек, ал «өзін өзі ұсыну» жоқ болып кетті.
Демек, азамат сенат немесе мәжіліс депутаты атануы үшін партияға мүшелікке өтуі керек немесе Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болуы шарт.
Ертеректе жергілікті билік органдары - маслихатқа кіру туралы үміт болатын. Бүгінде сайлау туралы заңға ұсынылып отырған енгізілетін өзгерістердің арқасында маслихат та партиялық тізім аясында қалыптасатын болды.
Соңғы кездері маған партия мүшелігіне қалай өтуге болады деген сұрақтар көп қойылатын болды. Ал сіздерді не қызықтырды, партияның бағдарламасы ма немесе негіздемесі ме деп сұрақ қойсам, олар билік органдарына барғымыз келеді деп жауап қайтарады. Жастарда депутат болу үшін патриот, жоғары білікті маман, біліміңнің жоғары болуы шарт емес деген пікір қалыптасып отыр. Партия мүшелігінде болсам жеткілікті деп ойлайды олар. Барлығында мақсат бір, маслихатқа қалайда өту, содан соң сенатқа бару немесе маслихатқа бару үшін партия мүшелігіне өту. Құндылықтар өзгерді.

- Қаншалықты бұл дұрыс? Саяси тұрғыда қаншалықты жетілдік және біздің саяси партиялар жеткілікті көлемде белсенді жұмыс істей ме? Депутат болғысы келетіндер үшін саяси партиялар аздық етіп жатқан жоқ па?

- Өкінішке орай, Қазақстанда саяси плюрализм қалмады. Билікке ұқсамайтын өзінің ұстанымы бар партиялар жойылған немесе жұмысын тоқтатқан, тіпті болмаса басқарып отырған партиямен қосылып кеткен. Мәжілісте ұсынылған екі партия - «Ақ жол» мен «Қазақстанның коммунистік халықтық партиясын» (ҚҚХП) – саяси партиялар деп тану қиындау.
Әр партиядан адам санын салыстырыңызшы. Бір партия 107 орынның 84 иеленсе, қалған екеуі 7 орыннан алады. Конституция туралы айтатын болсақ, онда ол 3-4 адамның даусымен қабылданып отыр, егер конституциялық заңнама туралы айтатын болсақ онда ол 2-3 дауыспен қабылдануда. Бұл жартысынан көбі. Санап шығатын болсақ, екі партиядан 14 депутат бар және олар ештемеге әсер ете алмайды. Сенатқа тоқталатын болсақ, онда абсолютті көпшілік «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып табылады. Алайда сенаторларға қандай да бір партияның мүшелігінде болу талап етілмейді. Сондықтан да атқарушы билікке керек кез келген қажетті шешім парламентпен еш кедергісіз қабылданады.

- Сонда халық билігі қайда кетті?

- Шынымен де Конституцияда билік көзі халық болып табылады деп көрсетілген, сонымен қатар, Конституцияда адам құқығы заңнамамен анықталып көрсетіледі деп жазылған. Мемлекетті басқару үшін парламент депутаты немесе жергілікті атқарушы органдардың құрамында болу шарт деп көрсетілген. Қазақстан егемендік алған 30 жылдың ішінде елімізде бар болғаны екі рет референдум жүргізілген. Біріншіден 1995 жылы өткізілген референдум Конституциямен байланысты болды, екіншісі Конституцияға сәйкес президенттің өкілеттілігін ұзартумен байланысты болды. Мемлекет үшін бұдан да маңызды мәселелер бойынша біз жүгінген емеспіз, парламент өзі шешті.

- Қандай сұрақтар бойынша референдум өткізу керек еді?

- Референдумға шығарылатын мәселелерге тоқталатын болсақ, олар «Республикалық ҚР конституциялық заңнамасында көрсетілген. Атап айтқандай, Конституцияны қабылдау, өзгерістер мен толықтыруларды енгізу және маңызды мемлекеттік мәселелерді шешу. Референдумды тағайындау бойынша шешімді президент шығарады, ол үшін оған парламент депуттары, үкімет пен халық өтініш жасауы мүмкін. Бастысы олар еліміздің өңірлерінен бірдей көлемде кем дегенде 200 мың адамның қолын жинауы керек. Менің ойымша, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен қосымшалар да республикалық референдумға шығарылуы керек. Себебі Конституцияны халық қабылдады, енді халықтың қатысуынсыз ол өзгертіліп жатыр. Біз әу баста заңмен қолданыстағы Конституцияға енгізілетін өзгерістерді халық референдум арқылы өзі енгізуі керек деп бекітуіміз керек еді. Мысалы, осыдан 230 жыл бұрын қабылданған АҚШ Конституциясына 27 түзету енгізілді, ал Қазақстан Конституциясына 25 жыл ішінде 70-тен астам түзетулер енгізілген.

- Барлық заң жобаларды ең болмаса интернетте талқылауға шығарған дұрыс болар?

- Дәл солай болуы керек, көптеген дамыған елдерде осылай жасалады. Алайда, парламент депутаттары заң жобаларын халықпен талқылаймыз және ол лайықты деңгейде деп есептейді.
Халық ертең өзі туратын заңды талқылап қабылдайтын болса, онда оның атқарушы билікке деген шағымы да аз болады. Себебі талқылау барысында оның пікірі сұралған болатын.
Өкінішке орай, парламентте қабылданып отырған заң жобаларының басым бөлігін үкімет ұсынып отыр. 25 жылда қабылданған заңдардың басым бөлігін атқарушы органдар ұсынды. Біз депутаттар ұсынып отырған жобаларды көрмейміз. Біз БАҚ, телеарналар немесе әлеуметтік желілерде депуттардың қандай да бір заңдарды қабылдау туралы бастама көтеріп отырғанын көрмейміз. Көбіне парламент қандай да бір заңды қарауға қабылдады деп айтылып, жазылып жатады. Қашан парламент мына бір заң жобасын қарауды ұсынды деп еститін болады екенбіз?
Бүгінде депуттар халықпен императивті мандатпен байланысты емес. Императивті мандат қарастырылса дұрыс болар еді , сонда біз сайланған депутатымызды қайта шақыртып ала алар едік. Бұрын халық депутатты өзі сайлайтын, сосын ол мынадай дүниелерді қолға аламын деп сөз беретін. Алайда бұл тарихта қалып кетті ғой деймін, менің ойымша осыны қайта қайтарған жөн, сонда депутат халыққа берген уәдесінде тұруы керектігін сезінетін еді.
Менің ойымша, мемлекет әр органы өзіне жүктелген міндетті орындаған жағдайда табысты болады: мемлекет басшысы ішкі және сыртқы саясатты анықтайды, парламент заңдарды қабылдайды, үкімет оларды орындайды, сот органдары әділеттілікті орнатады, конституциялық кеңес конституцияны қорғайды.
Осы салаларда нағыз кәсіби мамандар жұмыс істесе деп едік, олар білім алғаннан кейін дәл өзінің мамандығы бойынша жұмыс істеген жандар болса деп едім. Сол кезде біз сапалы заңға, тиімді үкіметке, ашық жариялы түрдегі сот жүйесіне, бастысы – халық сеніміне ие болатын едік.

- Жетілдірілмеген, көптеген сұрақтар тудыратын заң бар ма және кім оған жауапты?
  
- Егер сапалы заң туралы айтатын болсақ мемлекеттік шенеунік өзінің қызметі үшін жауап беретініне сенімді болуы тиіс. Конституциялық жауапкершілік жоқ. Парламент жиі өзгертілетін заңдарды қабылдайды, министрлер мемлекеттік бағдарламаларды соңына дейін жеткізбейді және ол үшін жауапкершілікті өз мойындарына алмайды.
Бізде бірде бір әкім, не министр өзі қабылдап, бірақ жүзеге асыра алмаған бағдарламасы үшін жауапқа тартылмаған. Қыруар қаражат бөлінді, алайда нәтиже көңіл көншітпейді. ҚР есеп комитетінің төрайымы Годунова (Наталья – ҚазТАГ) 2018 жылғы бюджеттің орындалуы бойынша есепке сәйкес 500 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған, деп хабарлады. Жыл сайын есеп комитеті босқа шығындалған бюджет қаражатын анықтайды. Комитет басшысы президент алдында есеп берді, осымен бар процедура бітті. Біз одан ары қандай шаралар қолға алынып жатқанын білмейміз.
Мүмкін болып жатса біреуіне бұқаралық ақпарат құралдарында ұрсады, министрге сөгіс жариялауы да мүмкін және оны басқа жұмысқа ауыстыруы мүмкін (кейде жалақысы да қызметі де жоғары жұмысқа). Осы үшін жауапкершілікке тартылған бір жауапты адамды атап беріңізші. Мен тек атқарушы билікті емес, заң шығарушы билікті айтып отырмын. Мүмкін конституциялық жауапкершілікті енгізген жөн болар? Парламент қабылдап отырған заң тиімсіз болса немесе бюджет қаржысын талан таражға салуға алып келсе, парламент үкімет есебін бекіткеннен кейін есеп комитеті тиімсіз қолданылған қаражатты анықтаса не себепті осы есепті бекіткені үшін жауапкершілікке тартылмады?
Конституциялық жауапкершілік қолданылған депутаттар парламент тұрмақ өзге де жергілікті атқарушы органдарға кіре алмайтындай етіп жағдай жасау керек. Егер адамдар жұмыс істей алмаса, не себепті олар шақырылымнан шақырылымға дейін жыл сайын парламентке өтіп отыр? Бізде 30 жылдың ішінде жүздеген миллиард ақшалар тиімсіз пайдаланылып отыр, ал республикалық бюджетті парламент өзі бекітеді емес пе. Бізде «100 млрд теңге», «200 млрд теңге тиімсіз пайдаланылды» деп нақты сандарды, нақты министрліктерді атап көрсетеді. Алайда бірде біреуі жауапкершілікке тартылмайды.

- Ал прокуратура не себепті әрекет етпей отыр?

- Әрине әрекет етуі керек. Тіпті құқық қорғау органдары да қосылуы керек. Жол жөндеу, ауруханалар, емханалар салу бойынша реформалаларға қараңызшы. «100 мектеп, 10 аурухана». 100 мектебіміз қайда, 100 ауруханамыз қайда? Ауылдардағы таза ауыз су қайда? Өзге де мемлекеттік бағдарламалар қайда? Ол аздай осы жылдары бюджет қаржысына қоғамдық бақылау жүргізілмеді. Яғни, бағдарламалар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды, бірақ халықтың жағдайы жақсармады. Ал осыған жауаптылар жауапкершілікке тартылмады. Оларға қойылып отырған сұрақтар көп. Аталған жауапты азаматтар қоғаммен құқық қорғау органдарының көптеген сұрақтарына жауап бергеннен кейін лауазымына лайықты ма деген сұрақтарға жауап беру керек.

- Мүмкін депуттарды ауыстыру керек шығар?

- 90-жылдардың басында 5-10 танымал белсенді жас саясаткерлердің атын атай алатынбыз, бүгінде ондай жарқын тұлғалар жоқтың қасы, саяси партиялардан депуттардың бір тобы бір шақырылымнан келесі шақырылымға шақырыла береді. Бұл дүние парламенттің таратылып жатқанына қарамастан жүргізіледі, жалпы тарату дегеннің заңды тұрғыда жағымсыз сипаты бар. Дәл осылай үкіметтің отставкаға кетуі туралы да айтуға болады.
Біз Қазақстан экономикасының тиімділігін 20 есе арттырған үкіметті, немесе теңге бағамын долларға шаққанда 1 доллар 380 теңгеден 3 теңгеге дейін төмендегені үшін Ұлттық банк төрағасын отставкаға жіберіп жатқан жоқпыз ғой. Ондай ұлттық банк төрағасын отставкаға кетіруге бола ма? Отставкаға жұмысы тиімсіздер жіберіледі. Егер парламентті таратып жіберсе онда бұл оның жұмысының тиімсіз болып отырғанын меңзейді. Ал бізде парламенттің жаңа құрамының 70-80% баяғы депутаттар құрайды, үкіметтің де жағдайы осындай, оларды отставкаға жібереді, ертесіне «жаңа» құрамда сол баяғы азаматтар отырады.

- Сонда бізді бірнәрсе өзгертпес бұрын 40 жыл бойы бір шөлдалаға апарып тұру керек пе?

- Бастысы азаматтардың елде өздерін қауіпсіз сезінуі, олардың сайлау кезінде электорат ретінде ғана емес осы елге өзінің керек екенін, мемлекеттік басқаруға араласа алатыны, әр азаматтың елінің болашағы үшін өз үлесін қосуға ұмтылуы маңызды.
Халықтың сенімін жаулап алу керек. Ол бір күнде келмейді, бірақ оған 40 жылда керек емес. Биліктің беделі адамға тиесілі сайлау мүмкіндігі, өзін өзі ұсынуы және өзге де конституциялық құқықтары сақталған жағдайда ғана нығая түседі.
Отыз жыл – бұл бүтін бір ұрпақ, бұл мемлекет үшін аз жас емес, қоғам жетілді және жаңа ұрпақ өсті деп сенімді түрде айтуға болады. Қазақстанда 30 жылда жүргізілген процестер қоғамды реформаларды белсенді жүргізуге және оларға белсенді атсалысуға дайындады. Менің ойымша бізге табысты демократиялық процестерге қол жеткізу үшін тағы 40 жыл керек деп ойламаймын. Жақын арада саяси процестерді жаңғырту жүргізіледі деген үміт бар.

- Сұхбатыңызға рахмет!



adimage