КазТАГ
Казахское телеграфное
агентство

Астана, 18:55 | 14 марта

Тоқаев қосымша құн салығы туралы үкіметке тапсырма берді, Қазақстанда жол апатынан рекордтық көрсеткіш тіркелді және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Дата: 17:14, 07-02-2025.

Астана. 7 ақпан. ҚазТАГ – Тоқаев қосымша құн салығы туралы үкіметке тапсырма берді, Қазақстанда жол апатынан рекордтық көрсеткіш тіркелді және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Қазақстанда жол апатынан рекордтық көрсеткіш тіркелді

Елімізде жол-көлік оқиғаларының саны күрт өсіп, 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артты. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы 31,6 мыңнан астам ЖКО тіркеліп, 40 мыңнан астам адам зардап шеккен, деп хабарлайды El.kz.

Тәуелсіз сарапшы Ерлан Каримовтың пікірінше, бұл жағдайдың басты себептерінің бірі – жол жүру ережелерін сақтамау және инфрақұрылымның нашарлығы.

«Қазақстанда жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін жиі бұзуы және жол сапасының төмендігі – ЖКО санының артуының негізгі факторлары. Жолдарымыз халықаралық стандарттарға сай келмейді, бұл әсіресе өңірлердегі трассаларда қатты байқалады», – дейді ол.

SDG Index 2024 деректері бойынша, Қазақстанда 100 мың адамға шаққанда ЖКО-дан қаза тапқандар саны – 12,2 адам. Бұл көрсеткіш көптеген елдерден жоғары: Түркияда – 6,5 адам, Аргентинада – 8,8 адам, Ресейде – 10,6 адам.

Жетісудың шалғай ауылдарына ауызсу қашан жетеді?

Биыл Жетісу облысының Алакөл ауданындағы Лепсі, Қоңыр сияқты тау етегіндегі ауылдарға су құбырын тарту жұмыстары басталады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Лепсі ауылының тұрғындары 50-60 жылдан бері күнделікті тұтынатын таза суды көше бойында тоқтаусыз ағып жатқан құдық-құбырдан алады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Алакөл ауданында 56 елді мекеннің 48-іне орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылған. 2025 жылы Лепсі, Қоңыр ауылдарында су жүйесінің құрылысы басталса, Теректі ауылында жаңғыртудың 2-ші кезеңі жалғасады.

«Лепсі ауылын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобада 49,4 км сумен жабдықтау желілерін, екі сорғы станциясы мен екі резервуар, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы станция, дизельді электр станциясын салу көзделген. Бүгінгі таңда мердігер ұйым анықталды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын ауданның ауа райы жағдайын ескере отырып, сәуір айында бастау жоспарлануда», - деді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы.

Үкімет ұсынған қосымша құн салығының мөлшерлемесі тым жоғары – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуде үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс», - деп мәлімдеді мемлекет басшысы.

Президент үкімет ұсынып отырған мөлшерлеме тым жоғары деп санайды

«Бір анығы, үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

СҚО-да кәсіпкер субсидияға бөлінген Т50 млн-ды жымқырып, қымбат көлік сатып алған

Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі басшысының Т50 млн-нан астам субсидияны заңсыз алу схемасын анықтады, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Агенттіктің мәліметінше, өндірістік кооператив басшысы 2019 жылдың мамырынан 2020 жылдың наурызына дейінгі аралықта жалған құжаттарды пайдаланып, сүт өнімдерін өңдеуге бөлінген Т50 млн-нан астам субсидияны заңсыз алған.

«Өндірістік шығындарды растау үшін ауыл шаруашылығы басқармасына жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алғаны үшін өзара есеп айырысу туралы жалған құжаттар және май өндірісі туралы қасақана жалған ақпараттар беріп келген. Нәтижесінде сот сүт жеткізу мәмілелерін заңсыз деп таныды. Қаржылық тергеу нәтижесінде, заңсыз алынған субсидияларға күдікті «TOYOTA LAND CRUISER PRADO 150» маркалы автокөлік сатып алғаны анықталды, ол мүмкін болатын тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді адамға рәсімделген», – делінген ҚМА хабарламасында.

Күдікті екі айға қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр.

Источник фото: Ақорда