Тоқаев діни ахуал бойынша Бапи мен басқа да бірқатар қоғам қайраткерлерінің пікірін қолдады
Астана. 14 наурыз. ҚазТАГ – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев діни ахуал бойынша мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мен басқа да бірқатар қоғам қайраткерлерінің пікірін қолдады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүр. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты», - деді Тоқаев жұма күні Ұлттық құрылтай отырысында.
Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды.
«Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды», - деді президент.