Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісімге байланысты Астана мәлімдеме жасады
Астана. 14 наурыз. ҚазТАГ – Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы Бейбіт келісім бойынша келіссөздердің аяқталуына байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Республикасы Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Армения Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасында Бейбітшілік және мемлекетаралық қатынастар орнату туралы келісім жобасының мәтіні бойынша келіссөздерді аяқтау жөнінде мәлімдемелерін құптайды», - делінген хабарда.
ҚР СІМ қол жеткізілген уағдаластықтар мен осы тарихи құжатқа қол қою Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру, сондай-ақ бүкіл Оңтүстік Кавказ өңірінің тұрақтылығын, қауіпсіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдіреді.
«Қазақстан Республикасы берік және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату мақсатында екі ел арасындағы конструктивті диалогты жалғастыруға бағытталған күш-жігерге өзінің табанды қолдауын тағы да растайды», - делінген хабарда.