«Наурыз» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ипотекаға өтінімдерді қабылдау мерзімі белгілі болды

Астана. 23 сәуір. ҚазТАГ – «Отбасы Банк» АҚ «Наурыз» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ипотекаға өтінімдерді қабылдау мерзімін атады.
«Отбасы Банк» АҚ жаңа «Наурыз» тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасы бойынша өтінімдерді 25 сәуірден бастап «Баспана маркет» порталында қабылдай бастайды. «Наурыз» бағдарламасының операторы – «Отбасы Банк» АҚ», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Ақпарға сәйкес, өтінімдерді қабылдау мерзімі – 30 маусымға дейін.
"Наурыз" бағдарламасының шарттары: алғашқы жарна - 20%-дан бастап, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін); азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін); несие мерзімі - 19 жылға дейін.
"Наурыз" бағдарламасына барлық қазақстандықтар қатыса алады, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдері, жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, Отбасы банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елдімекендердің тұрғындары. Бағдарламаға қатысу туралы өтінім беру үшін келесі қадамдарды орындау қажет: отбасы банкінде депозит ашу (жоқ болған жағдайда). Маңыздысы, салым мерзімі ескерілмейді; отбасы банкіндегі жинақ шотында кемі 1 млн теңге қаражаттың болуы. Бұл соманы бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында аударуға болады; соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйдің болмауын тексеру. Отбасы мүшелеріне: күйеуі, әйелі және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады. Егер қатысушы некеде болмаса, онда тұрғын үйдің бар-жоқтығы тек өзінен тексеріледі. Бағдарламаға қатысушылардың ата-аналарынан тұрғын үйдің бар-жоғын тексермейді; соңғы 6 айда ресми табыстың болуы.
Кірістерге еңбек қызметінен түскен жалақы, кәсіпкерліктен түскен пайда, ақылы қызмет көрсету шарты бойынша түскен табыс, стипендия және тұрғын үй төлемдері кіреді. Егер бағдарламаға қатысушының табысы жеткіліксіз болса, онда ол кепілгер болатын екі қарыз алушыны (туысқандық қатынастың болуы міндетті емес) тарта алады.
"Наурыз" бағдарламасын іске асыру үшін қаражат қаржы нарығынан тартылады. Банк жыл сайын, 8 жыл бойы жалпы сомасы 1,7 трлн теңгеге облигациялық заемдар шығаратын болады. Бірінші жылы 300 млрд теңгеге, кейінгі жылдары 200 млрд теңгеден шығару жоспарлануда.
Бағдарлама 8 жылға арналған. Осы уақыт аралығында еліміздің 68 000 азаматын жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Биылғы жылдың өзінде 12 мың қазақстандық баспаналы болады деп жоспарлануда.
"Наурыз" бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу бойынша келесі шарттар ұсынылады:
- алғашқы нарықтағы тұрғын үй, оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты және сақтандыру құралы бойынша;
- моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде екінші нарықтағы тұрғын үй, жылына бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-нан аспайтын көлемде.
Заемның ең жоғарғы мөлшері: Алматы мен Астана қалалары үшін - 36 млн теңгеге дейін. Қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.
Сондай-ақ, бір несие аясында баспананы жөндеу жұмыстарына да ақша алуға да болады. Бастысы жөндеуге арналған қарыз сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің жалпы сомасының 20%-нан аспауға тиіс.
Бағдарламаға қатысушы пәтерді Баспана маркет порталынан таңдап, брондап, сатып ала алады.

Фото көзі: pixabay.com


adimage