Елімізде TikTok-қа тыйым салынуы мүмкін, Собчак Бишімбаев сотына не үшін келді және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 23 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстанда TikTok-қа тыйым салынуы мүмкін, Собчак Бишімбаев сотына не үшін келді және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
«Қазақстанда TikTok желісіне тыйым салынуы мүмкін»
Қазақстан көрші елдердің тәжірибесін назарда ұстап отыр. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Nege.kz.
«Тік Ток желісінде көбінесе балалар отырады. Ол жерде түрлі сөздер айтылады. Тіпті, адамдар бал ашып, болжаймын деп ақша жасайды. Кез келген мемлекетте бір жағдайға ғана қарап шешім шығармайды. Комплексті қарап, комплексті түрде игеріп барып қана шешуге тырысады. Көрші елдер қабылдап жатқан шешімді біз де ескеріп, тақырыпты игеріп, саралап көреміз. Қазіргі таңда әлеуметтік желілердегі материалдарда құқық бұзушылық фактілер көбейіп кеткен. Оның барлығы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал тигізсе, әлбетте осындай шешім қабылдауға тура келеді. Бұл мәселені әлі қарастырып жатырмыз», - деді Аида Балаева.
«Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендер қандай сомаға баспана ала алады?»
Облыстық әкімдікте өткен жиында тасқынның зардабымен күресу жолдары айтылды. Бірінші кезекте үйінен айырылғандарды баспанамен қамту мәселесі тұр, деп хабарлайды Kaz.inform.kz.
«Қазір Ойқала ауданында 12 жеке тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізілді. Тұрғын үй қорынан екі және үш бөлмелі 18 пәтер дайындалды. Коммерциялық тұрғын үйлерден 197 пәтерлік пул құрылды. Құрылыс компанияларымен меморандум жасалды. Пәтер бағасы шамамен Т22 млн аспауы тиіс. 72 пәтерлік тоғыз қабатты үйдің жобалық-сметалық құжаты дайын. Оның бір шаршы метрі Т320 мың болмақ. Тағы бес үй салу жоспарда бар. Петропавлдағы риэлторлармен де келістік. Сондай-ақ жеке тұрғын үйлер салу үшін Солнечный кентінен 100 жер учаскесі бөлінді», - деді қала әкімі Серік Мұхамедиев.
«Қайда отырғызды, сонда отырдық»
Ресейлік журналист Ксения Собчак Бишімбаев ісіне қатысты сот процесіне өзін ешкім шақырмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бүгін қазақстандық және ресейлік БАҚ Қазақстанның экс-министрі Қуандық Бишімбаев сотындағы менің «ерекше жағдайым» туралы жазды. Яғни, басқа журналистер тұрып тұрғанда біз жәбірленушілердің орнында отырдық деп. Достар, біз бұл тақырыппен біраздан бері айналысып келеміз. Салтанаттың өлімі туралы бірінші күннен бастап жаздық», - деді ресейлік журналист телеграмм арнасында.
Оның айтуынша, бұл процесске ол өз қалауымен келген.
«Бізді сот тараптардың ешқайсы шақырған жоқ. Мен Жоғары сот арқылы аккредитациядан өттім. Оның баспасөз хатшысымен менің командам байланыста болды. Бізді қайда отырғызды, сонда отырдық»,- деп жазды Ксения Собчак.
«Су тасқыны кезінде азық-түлік бағасын өсірген кәсіпкерлер жазаланды»
Ақтөбе облысының төтенше жағдай жарияланған бірнеше ауданында әлеуметтік маңызы бар өнімдер қымбаттады, деп хабарлайды Оrda.kz.
«Кейбір кәсіпкерлер осал жағдайды пайдаланып, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын өсірді. ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабы бойынша 17 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, аудандарда тағы төрт дүкен иесіне қатысты әкімшілік іс қаралуда»,- деп мәлімдеді облыстық басқарма басшысы Алмас Салықбаев.

Фото көзі: Жоғарғы сот


adimage