Авторзация
Войти как пользователь
Вы можете войти на сайт, если вы зарегистрированы на одном из этих сервисов:
Әлеуметтік желі арқылы кіру
14:40

Есеп комитеті Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетінде 3,6 млрд. теңге мөлшерінде қаржылық бұзушылықтарды анықтады

14.11.2017 Алматы. 14 қараша. ҚазТАГ - Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетіне бөлінген республикалық бюджет қаражатының және квазимемлекеттік сектор активтерінің  пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттікаудиттің қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметі.
Хабарда айтылғандай, есеп комитетінің бағалауы бойынша Аэроғарыш комитетінің ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру кезінде  бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану тиімділігі жеткіліксіз.
Атап айтқанда, ғарыш инфрақұрылымы объектілерін құруға, пайдалану мен жетілдіруге жұмсалатын шығындар нормативтері әзірленбеген.
Ресей тарапынан қабылданған «Байқоңыр» кешенінің 109 объектісін пайдалану перспективалары мен теңгерім ұстаушысы айқындалмаған, 2009 - 2017 жылдар аралығында оларды қорғауға жұмсалған шығын 742,0 млн.теңгені құрады.
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында көзделген Астана қаласындағы Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысын 2015 жылы аяқтау қамтамасыз етілмеген.
2017 жылы Аэроғарыш комитеті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ғарыш түсірілімдерін  беру қызметтерін көрсетуге «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен жасалған шарттың сомасын негізсіз ұлғайту бөлігінде жалпы сомасы 694,9 млн. теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарының бұзылуына жол бергендігі анықталды.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталын ұлғайтуға бөлінетін бюджет қаражатын қайтару және одан әрі пайдалану тетігінің жоқ екендігі анықталды. Айталық, «KazSat-3» ғарыш аппаратын жасау және ұшыру жобасын іске асыру үшін алынған 0,6 млн.теңге мөлшеріндегі қаражат қалдығы 2015 жылдан бері «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-ның шотында есепке алынғаны атап өтілді.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның 2011 – 2020 жылдарға арналған даму стратегиясының көрсеткіштері мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы құжаттарына сәйкес келмейді, оның 2016 - 2020 жылдарға арналған Даму жоспары бүгінгі күнге дейін бекітілмеген.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ жол берген жалпы сомасы 2 848,7 млн.теңгеге «Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін салу» жобасы шеңберінде жабдықтарды сатып алу бойынша шығындарды кіріске алу бөлігінде бухгалтерлік есепті жүргізу тәртібінің бұзушылықтары анықталды.
Аэроғарыш комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымдары жол берген сапасыз орындалған жұмыс көлемін қабылдау, техникалық қадағалаудың сүйемелдеуінсіз құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау және объектілер құрылысының нормативтік мерзімін сақтамау бөлігінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнаманың бұзушылықтары анықталды.
Мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша Есеп комитеті жалпы сомасы 3 637,7 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 646,1 млн. теңгеге - бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және 24 812,5 млн. теңгеге - 36 рәсімдік бұзушылық фактісін анықтады.
Мемлекеттік аудит барысында 2 640,8 млн. өтеліп, қалпына келтірілді, соның ішінде республикалық бюджет кірісіне – 11,4 млн. теңге, бухгалтерлік есеп бойынша – 2 562,9 млн. теңге және жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету арқылы – 66,5 млн. теңге.
Мемлекеттік аудиттің жекелеген материалдары әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға процестік шешімдер қабылдау үшін жіберілді.
Есеп комитеті отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетіне және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына анықталған бұзушылықтарды жоюға және ескертуге, бюджет және өзге де заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарауға бағытталған бірқатар тапсырмалар берілді.


Серіктестер